Мемориал өзара бір композицияға жиналған ескерткіштер қатарынан тұрады, негізі өткен ғасырдың 70-ші жылдары қаланған. Ол фронт пен тылдың бірлігін білдіретін екі биік, бір бірін тіреп тұрған стеласы бар «Мәңгілік алау ескерткішінен» басталады. 140 000-нан астам есім жазылған жан-жағындағы тақтайшалардың көлемі 200 метр болатын «Даңқ» аллеясы композицияны жалғастырады. Оңтүстік өңірден сұрапыл соғысқа аттанған барлық жауынгерлердің есімдері тасқа қашалып жазылған. Соның жартысына жуығы қан майданнан оралған жоқ.
Кешеннің орталығында 51 Кеңес Одағының Батыры мен «Даңқ» орденінің 8 толық иегерінің есімі жазылған.
Композицияны жауынгерлік ұшақ жалғастырып тұр. Ол Ұлы Отан соғысы кезінде Украинадан Шымкентке көшірілген Чугуев авиация мектебі туралы естелік: мектеп соғыс майданына арнайы ұшқыштар экипаждарын дайындады. Сол жерде Кеңес Одағының үш мәрте Қаһарманы Иван Кожедуб фронтқа барар алдында инструктор болып жұмыс істеді.
Соғыс жылдары Шымкент мыңдаған босқындарды, ондаған көшірілген кәсіпорын, 16 балалар үйін, КСРО Архитектура Академиясын және басқа мекемелерді қабылдады.
Оңтүстік қазақстандықтардың тыныш өмірі қысқа уақыт ішінде соғыстың сұрапыл күндеріне ауысты. Кәсіпорын, ұжымшар, мекемелердің жұмысы үлкен елдің халқын біріктірген бір мақсатқа бағытталды - “Барлығы фронт үшін, барлығы Жеңіс үшін”.
Оңтүстік Қазақстан Ұлы Жеңіске үлкен үлесін қосты: облыс аумағынан қорғасын, оқ, көмір, мақта, бидай, ет, дәрі-дәрмектер, киім, қаракөл, сабын, май, жеміс-жидек соғыс фронтына жеткізілді. Ұлы Отан Соғысы жылдары қорғасын зауыты ату жарақтарына арналған металлдың негізгі жеткізушісі болды. Сонымен қатар, он оқтың жетеуі Шымкентте жасалған болатын деген деректер бар.



