Ибраһим ата кесенесі Шымкент қаласының Сайрам тұрғын алабында орналасқан. Атақты сопы Қожа Ахмет Яссауидің әкесі Ибраһим атаға арнап салынған. Республикалық маңызы бар сәулет ескерткіші болып саналады.
Орта ғасырларда ислам дінін насихаттау орталықтарының біріне айналған көне Сайрамда көптеген діни ғұламалар, ұстаздар пайда болған еді. Солардың бірі – мыңдаған мүриттерге ұстаздық қылған Ибраһим ата. Ол текті отбасынан шыққан, әрі табысты жер өңдеуші еді. Халық арасында оның әулиелігі мен уағызшы қабілеті жайлы түрлі аңыздар тараған.
XIX ғасыр ортасында қатты жер сілкінісі кезінде кесене күмбезі құлап, ХХ ғасыр басында қайта қалпына келтірілген.
1990-жылдары тәуелсіз Қазақстан үкіметі кесенені қайта қалпына келтіру жұмыстарына қаржы бөлді. Нәтижесінде қабырға жанында өтетін жол 20 метрге жылжытылды және кесене негізі топырақ қатпарымен бекітілді.
Кесене Ақсу ауылына баратын жолдың бойында, Сайрам тұрғын алабының шетіндегі биік төбеде орналасқан. Күмбезді мазарлардың көнеден сақталып қалған ескерткіштерінің бірі болып табылады.



