Көтен тәуіп Жетісудың Лепсі өзенінің бойында өмір сүріп пешенесіне жазылған емшілік, көріпкелдік, жауырынмен ашатын болжамшылық, бақсылық, қобызшылық секілді тылсым қасиеттің иесі танылған. Жаугершілік заманда ел сүйенішіне, ақылшысына айналып, есімі халық жадында жазылып қалыпты. Көтен тәуіп (1709-1810) – Жетісу өңіріне белгілі емші, көріпкел. Ел аузындағы әңгімелерде Абылай ханның үш әулиесінің бірі болған, «Жалаңаш әулие» атанған. Кезінде әйгілі Бөгенбай батырдың жау найзасынан болған ауыр жарақатын әулие емдеп жазған.
Қоңырбай ұлы Көтен тәуіп әулие атаның кесенесі 1994 жылы әулие атаның үш ғасырлық мерей тойына байланысты салынған. Кесененің құрылысы демеушілер көмегімен қаланған.
Зиратқа дейін тас жол салынған. Кесенеге электр жарығы тартылып, тоқ жеке двигатель арқылы беріледі. Мінәжат етіп келушілерге жататын үш бөлмелі кірпіш үй салынып, кесене ауласы көріктендірілген. Қазіргі таңда кесенеге ауыз су жүргізіліп, қамтамасыз етілген.
Кесене Көктерек ауылдық округі аумағында «Лепсі – Қызылқайың» трассасының 26 шақырымында, трассадан 3 шақырым жерде Лепсі өзенінің бойында орналасқан.
Кесене, әулие атаның қабірі жатқан жер, сыртынан дөңгелете жалпы ұзындығы 25 метр, ақ кірпішпен қаланған, төбесі оцинкованный темірмен қапталған (купол), төбесінің ортасында ай орнатылған. Әулие атаның қабірі жатқан кесененің кіре беріс жеріне құран оқитын бөлмемен, төбесі жабық кіретін есіктің екі жағы мұнара болып қаланған, жан-жағы ашық бөлме салынған кесененің жанынан шырақшыға арнап салынған, көлемі 5,5 м*7,5м үй бар. Кесененің ауласы, атап айтқанда жүретін жолдарға бетон плиталар төселген. Трассадан Кесенеге дейінгі 3 шақырым жол асфальтталған.
2012 жылдың қазан айында демеушілер көмегімен 30 млн. теңгеге кесене құрылысы қайта жаңартылды. Музей ашылды. Лепсі ауылынан Көктерек ауылына дейінгі жолы 45 млн.теңгеге ағымды жөндеуден өткізілді.
Әулие Көтен Тәуіп бабаның рухына құлшылық жасап, дертіне шипа сұрап, мінажат етіп келушілерге жайлы жағдай жасау мақсатында кесене кешені аясындағы қонақ үй құрылысы қайта жаңғыртылды. Құрылыс жөндеу жұмыстары демеушілердің көмегімен 2017 жылы аяқталып, тамыз айында 50 орынға арналған қонақ үй пайдалануға берілген.
